Қазақстандық өнерпаз Нұржас Садырбаев халықаралық Voice Beyond Horizon жобасында топ жарып, «Даңқ жұлдызы» атағын иеленді. Бұл туралы Dimashnews.com мәліметіне сілтеме жасаған Qandastar.kz сайты хабарлады.
Аталған жоба Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайберген бастамасымен жүзеге асқан. Байқау Түркістанда басталып, кейін Ақтау мен Алматы қалаларында жалғасып, соңында Астанада қорытындыланды.
Жобаға Қытай, Қазақстан, Малайзия, Сербия, Италия және Қырғызстан елдерінен келген сегіз қатысушы қатысып, олар Қазақстанның тарихи әрі киелі орындарын бірге аралаған.
Димаш Құдайберген өзінің Instagram парақшасында жеңімпаз Нұржас Садырбаевты құттықтап, көпшілікті оған қолдау көрсетуге шақырды. Ол өз жазбасында Қытайдағы ірі телеарналардың бірі – Hunan TV-де өткен байқауда Нұржастың жоғары деңгейде өнер көрсетіп, Қазақстанды лайықты таныстырғанын атап өтті.
Айта кетейік, Voice Beyond Horizon жобасы Hunan Broadcasting System компаниясымен бірлесіп дайындалып, биыл ақпан айында көрерменге ұсынылған. Ал түсірілім жұмыстары өткен жылдың қыркүйегінде басталған.