Мазмұнға өту
qandastar.

Оқу-ағарту министріне қатысты Президентке ұжымдық арыз жолданды

Бақытжан Мұса · · 1 290 қаралым
Оқу-ағарту министріне қатысты Президентке ұжымдық арыз жолданды

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға қатысты Президент атына жолданған ұжымдық арыздың мәтіні жария болды. Құжат авторлары өздерін министрліктің қазіргі және бұрынғы қызметкерлері ретінде таныстырып, министрліктегі жұмыс ахуалына, кадрлық саясатқа және басқару тәсіліне қатысты бірқатар мәселелер көтерген. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Democrat.kz хабарлады.

Арызда министр қызметіне кіріскелі бері ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалдың нашарлағаны, қызметкерлерге қысым көрсетілетіні және кадрлық өзгерістердің жиілегені айтылған. Авторлардың пікірінше, бұл жағдай қызметкерлер арасында алаңдаушылық туғызып, жұмыс тиімділігіне әсер еткен.

Құжатта министрліктен жұмыстан кеткен немесе қызметінен босатылған бірқатар басшылар мен құрылымдық бөлімше жетекшілерінің есімдері келтірілген. Сондай-ақ кейбір қызметкерлердің тәртіптік жауапкершілікке тартылғаны немесе жұмыстан босатылу қаупі бар екені көрсетілген.

Арыз авторлары жұмыс көлемінің артуы, жұмыс уақытынан тыс тапсырмалар, демалыс күндері еңбек етуге мәжбүрлеу және құжаттарға қол қоюдың кешігуі сияқты мәселелерді де көтерген. Олардың айтуынша, мұндай жағдайлар қызметкерлерге қосымша жүктеме түсіріп, басқару жұмысына кері әсерін тигізуде.

Сонымен қатар құжатта кадрлық тағайындаулар мен мемлекеттік наградаларды беру мәселесіне қатысты да сын айтылған. Авторлар кейбір шешімдердің әділ қабылданбағанын алға тартып, кадрлық саясатқа тәуелсіз баға беруді сұраған.

Арыз иелері уәкілетті органдарға жүгінуге қауіптенетіндерін айтып, Мемлекет басшысынан құжатта көрсетілген жайттарға тәуелсіз әрі жан-жақты тексеру жүргізуді өтінген. Сондай-ақ олар қызметкерлерді ықтимал қысымнан қорғауды және министрліктің жұмысын тұрақтандыру үшін қажетті шаралар қабылдауды сұраған.

Айта кетейік, жарияланған арыздағы мәліметтер – құжат авторларының мәлімдемелері. Материалда Оқу-ағарту министрлігі немесе министр Жұлдыз Сүлейменованың бұл мәселеге қатысты ресми түсіндірмесі келтірілмеген.

Бөлісу: Telegram WhatsApp