Оқу-ағарту министрлігі мектеп оқулықтарын жаңарту жұмыстарын кезең-кезеңімен жүргізіп, білім беру ұйымдарын жаңа басылымдармен қамтамасыз етпек. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Премьер-министрдің орынбасары, мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның айтуынша, қолданыстағы оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерге жүргізілген талдау барысында 700-ден астам ескертпе мен қате анықталған. Олардың қатарында техникалық және стильдік олқылықтар, деректік қателер, мазмұнға сәйкес келмейтін иллюстрациялар, оқу бағдарламасына үйлеспейтін материалдар, сондай-ақ ескірген әдістемелер мен тұжырымдамалар бар.
Министр әсіресе ұлттық мазмұнға бейімделмеген материалдардың қолданылуы, математика пәніндегі қате анықтамалар мен есеп шығару тәсілдері, бағдарламада қарастырылмаған шығармалардың енгізілуі және тарихи оқиғаларға қатысты жаңсақ пікірлер алаңдаушылық тудыратынын атап өтті.
Сондай-ақ бірқатар оқулықтардың белгіленген мерзімде жаңартылмай, кейбірінің тоғыз жылға дейін елеулі өзгеріссіз пайдаланылып келгені айтылды.
Осыған байланысты министрлік 2026 жылғы 30 тамызға дейін 3 және 7-сынып оқулықтарын, 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін 4 және 9-сыныптарға арналған басылымдарды, ал 2027 жылғы 1 сәуірге дейін 8-сынып оқулықтарын жаңартуды жоспарлап отыр. Аида Балаеваның сөзінше, әрбір оқулық сапалы, мазмұны нақты, деректері шынайы әрі заман талабына сай болуы тиіс.