Мазмұнға өту
qandastar.

Олжас Бектенов денсаулық сақтау саласын цифрландыру және ЖИ технологияларын енгізу барысын талқылады

tursynhan · · 75 қаралым
Олжас Бектенов денсаулық сақтау саласын цифрландыру және ЖИ технологияларын енгізу барысын талқылады

Премьер-министр Олжас Бектенов Денсаулық сақтау, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрліктерінің басшылығымен және отандық IT-компаниялардың өкілдерімен кеңес өткізді, деп хабарлайды QANDASTAR ақпараттық агенттігі.

Кездесу барысында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында денсаулық сақтау саласын цифрландыруға қатысты берген тапсырмаларының орындалу барысы қаралды. Атап айтқанда, медициналық қызметтердің сапасы мен көлемін жасанды интеллект технологиялары арқылы бақылауға мүмкіндік беретін жаңа жүйенің негізгі элементтері таныстырылды.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова 23 жеке ақпараттық жүйеден бірыңғай e-Densaulyq экожүйесіне көшу жұмыстары туралы баяндады. Қазіргі таңда 21 мыңнан астам медициналық ұйым, 221 мың медициналық техника және 257 мың медицина қызметкері туралы мәліметтер цифрландырылған.

Ақпараттарды біріктіру және бақылау тетіктерін күшейту нәтижесінде 1,4 млн рецептке қатысты 400 мың ескірген пациент картасы медициналық жүйеден шығарылды. Бұл 31 млрд теңге көлеміндегі шығындардың алдын алуға мүмкіндік берді. Негізсіз тұтынылған медициналық қызметтер көлемі 7,1%-ға, яғни шамамен 7 млрд теңгеге қысқарды. Ал заң бұзушылықтарды анықтау тиімділігі 3,5 есеге өсті.

Президенттің тапсырмасына сәйкес, Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйені қалыптастыру жұмыстары жалғасуда. Жүйе қолданыстағы жекеменшік медициналық ақпараттық жүйелерді бір ортаға біріктіріп, дәрігерлер үшін бірыңғай цифрлық жұмыс құралына айналуы тиіс. Денсаулық сақтау министрлігінің 12 ақпараттық жүйесінің жетеуі қазірдің өзінде интеграцияланған. Соның арқасында ақпаратты бірнеше рет енгізудің қажеті болмай, қажетті құжаттар автоматты түрде жасалады. Бұл дәрігерлердің деректерді енгізуге жұмсайтын уақытын 40%-ға қысқартты.

Бірыңғай медициналық деректер қоймасына 12 жеке медициналық ақпараттық жүйеден, сондай-ақ түрлі реестрлер мен анықтамалықтардан мәліметтер жинақталуда. Қойма мемлекеттік органдардың 50-ден астам ақпараттық жүйесімен интеграцияланған. 1 шілдеден бастап 2012 жылдан бері жинақталған деректер медициналық көмекке ақы төлеу кезінде автоматтандырылған форматтық-логикалық бақылау арқылы пайдаланылып келеді.

Цифрлық бақылау нәтижесінде 38 медициналық ұйымда медициналық қызмет көрсетуге қажетті лицензияның болмағаны анықталды. Олардың 27-сінің қызметі тоқтатылды. Бұдан бөлек, сертификаттарының жарамдылық мерзімі аяқталған 2 188 медицина қызметкері уақытша жұмыстан шеттетілді.

Ақпараттық жүйелердің өзара интеграциясы жалған медициналық қызметтерді анықтап, олар үшін негізсіз төлем жасауға жол бермеуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, қайтыс болған азаматтарға медициналық қызмет көрсету, бір дәрігердің бір уақытта әртүрлі өңірлердегі бірнеше медициналық ұйымда жұмыс істеуі және көрсетілмеген қызметтерді негізсіз тіркеу сияқты фактілерді анықтауға жағдай жасалған.

Азаматтың бірыңғай цифрлық медициналық профилі қалыптастырылды. Онда адамның медициналық деректері оның тұрғылықты жеріне немесе қай медициналық ұйымға тіркелгеніне қарамастан сақталады. Дәрігерге онлайн жазылу қызметін 5,6 млн адам пайдаланған. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап азаматтарға скринингтен өту қажеттілігі туралы автоматты хабарламалар жіберу жоспарланып отыр.

Денсаулық сақтау және ішкі істер органдарының ақпараттық жүйелерін біріктіру көлік жүргізуге медициналық қарсы көрсетілімдері бар азаматтарды анықтауға мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта шамамен 10 мың жүргізуші куәлігінің қолданылуы тоқтатылды.

Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бағытында препараттарды таңбалау және қадағалау жүйесі жұмыс істеп тұр. Бүгінде 1 млрд-тан астам дәрі қаптамасы таңбаланған, ал мониторинг 3 мың дәрілік зат атауын қамтиды. 1 595 препараттың, яғни 52%-ының бағасы өзгермеген. 800 дәрілік заттың немесе 26%-ының бағасы төмендеген. Жүйенің нәтижесінде 42,5 млрд теңге көлемінде экономикалық тиімділікке қол жеткізілді. Биылғы 1 қыркүйектен бастап таңбалау жүйесі биологиялық белсенді қоспаларға да енгізіле бастады.

Кеңес барысында жасанды интеллект элементтері қолданылатын бірқатар цифрлық жобалар таныстырылды.

«Суық тізбек» жобасы вакциналарды қоймадан медициналық ұйымдарға жеткізуге дейінгі сақтау және тасымалдау талаптарын автоматты түрде бақылауға бағытталған. Арнайы температура датчиктері сақтау жағдайын, ал GPS жүйесі препараттарды тасымалдау барысын бақылайды. Жоба 2025 жылы Қарағанды облысында пилоттық режимде іске асырылды. 1 қазаннан бастап оны бүкіл ел бойынша кезең-кезеңімен енгізу жоспарланған. Жүйе 3,5 мыңнан астам нысан мен 800 арнайы көлікті қамтиды.

Медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін арттыру үшін «Қазақтелеком» АҚ шешімдері негізінде смарт-бейдждер енгізілуде. Құрылғылар қауіпті жағдайларды тіркеп, ахуалды бағалайды және медицина қызметкеріне шабуыл жасалған немесе қауіп туындаған жағдайда Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына автоматты түрде сигнал жібереді. Қазіргі таңда жоба Шымкент қаласы мен Жамбыл облысында жүзеге асырылуда. Жыл соңына дейін оны толық енгізу көзделген. Жоба аясында 2,1 мың жедел жәрдем бригадасы және 3,8 мыңнан астам медицина қызметкері қамтылады.

Стационарлардың қабылдау бөлімдерінде бейнеаналитика мен SOS батырмаларын қамтитын қауіпсіздік жүйесі енгізілуде. «Ақылды» камералар медицина қызметкерлеріне қатысты агрессия фактілерін анықтап, тиісті ақпаратты Полиция департаментіне, медициналық ахуал орталығына және медициналық ұйымның күзет қызметіне жедел жеткізеді. Сонымен қатар азаматтардың патрульдік полицияны өздігінен шақыруына мүмкіндік беретін SOS батырмалары орнатылады. Қазіргі уақытта жүйе Астана мен Шымкент қалаларында және Жамбыл облысында енгізілуде.

Шалғай елді мекендердің тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру үшін телемедицина шешімдері кеңінен қолданылуда. Жыл басынан бері 1 млн-нан астам телеконсультация өткізілді, ал 2,1 млн-нан астам адам қашықтан медициналық қызмет алды. Олардың 39%-ы ауыл тұрғындары. Жоба 655 фельдшерлік-акушерлік пункт пен дәрігерлік амбулаторияны, сондай-ақ қылмыстық-атқару жүйесінің 72 мекемесін қамтиды.

1 қыркүйектен бастап телемедицина технологиялары мектеп оқушыларын алдын ала тексеру үшін де пайдаланыла бастады. Бұл бағытта шамамен 8 мың мектепті қамту жоспарланып отыр. Қашықтан ЭКГ, экспресс-талдаулар және цифрлық медициналық құрылғылар көмегімен жүргізілетін бірқатар тексерулер қолжетімді. Болашақта қызмет түрлерін УДЗ, офтальмоскопия және басқа да зерттеулермен толықтыру көзделген.

Жасанды интеллект қолданылатын орталықтандырылған телерадиология жүйесі еліміздегі 400-ден астам медициналық ұйымды біріктіріп отыр. ЖИ алгоритмдері КТ, МРТ және маммография нәтижелерін талдауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде диагностикаға кететін уақыт 4 еседен астам қысқарып, патологияларды ерте кезеңде анықтау көрсеткіші 32,2%-ға артқан.

Сонымен қатар AKYLMED.AI негізіндегі медициналық коммуникациялардың бірыңғай жүйесі енгізілуде. Платформа пациенттерді тәулік бойы онлайн қабылдауға жазуға, скринингтер мен профилактикалық тексерулерге автоматты түрде шақыруға және көрсетілген қызметтердің сапасына кері байланыс жинауға мүмкіндік береді. AI-көмекшілерді қолдану емханаға жеке бару қажеттілігін үш есеге жуық азайтып, тіркеу бөлімдеріне түсетін жүктемені төмендетуге мүмкіндік берген.

Кеңес қорытындысында Олжас Бектенов денсаулық сақтау саласының бірыңғай цифрлық контурын қалыптастырудың стратегиялық маңызына тоқталды. Оның айтуынша, цифрлық жүйелерді біріктіру медициналық көмектің тиімділігі мен қолжетімділігін арттыруға бағытталуы қажет.

Премьер-министр Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласындағы бытыраңқы ақпараттық жүйелерден бас тартып, бірыңғай цифрлық негіз қалыптастыру жөнінде нақты міндет қойғанын атап өтті. Бұл міндетті іске асыру үшін қажетті технологиялық шешімдер қазірдің өзінде бар. Ендігі жерде басталған жұмыстарды толық аяқтап, барлық жүйелердің өзара ықпалдастығын қамтамасыз ету және деректердің өзектілігі мен қолжетімділігін сақтау маңызды.

Сонымен бірге тиімділігі дәлелденген жасанды интеллект шешімдерін бүкіл денсаулық сақтау жүйесі мен өңірлерге кеңінен енгізу қажет. Негізгі нәтиже медициналық қызметтердің сапасын арттырудан, шығындарды оңтайландырудан және әкімшілік кедергілерді азайтудан көрінуі тиіс. Жаппай цифрландыру денсаулық сақтау жүйесінің жұмысын жетілдіріп, азаматтарға көрсетілетін қызметтердің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Бөлісу: Telegram WhatsApp