Мазмұнға өту
qandastar.

«Оңай табыс» сотқа жеткізді: 10 мың теңге үшін жауапқа тартылды

Малика Хамит · · 120 қаралым
«Оңай табыс» сотқа жеткізді: 10 мың теңге үшін жауапқа тартылды

Қостанай облысында небәрі 10 мың теңге үшін банктік шотын бөгде адамдарға берген тұрғын қылмыстық жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Бейімбет Майлин ауданының тұрғыны оңай ақша тапқысы келіп, өз шотын алаяқтардың пайдалануына берген. Кейін аталған шот қылмыстық жолмен алынған қаражатты аудару үшін қолданылған.

Сот ер адамды Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 232-1-бабының 4-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды. Оған бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, 1 жылға пробациялық бақылау белгіленді.

Прокуратура мұндай жағдайлардың алдын алу үшін сот отырысын аудан тұрғындарының қатысуымен ашық форматта өткізді. Іс барысында аз ғана пайда үшін өз банк шотын бөтен адамдарға берудің соңы қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін екені түсіндірілді.

Прокуратураның мәліметінше, дропперлер – өздерінің банк карталарын немесе шоттарын ақша үшін басқа адамдарға беретін, сондай-ақ заңсыз алынған қаражатты аударуға не қолма-қол ақшаға айналдыруға көмектесетін тұлғалар.

Бұл ретте адам алаяқтық схемасын өзі ұйымдастырмаса да, өз шотын қылмыстық мақсатта пайдалануға бергені үшін жауапқа тартылуы мүмкін.

Дропперлік әрекет үшін заңнамада айыппұлдан бастап 7 жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза қарастырылған.

Құқық қорғау органдары азаматтарға банк карталарын, шоттарын, SMS-кодтарын және жеке мәліметтерін бөгде адамдарға бермеуге кеңес береді. Оңай табысқа қызығу адамды қылмыстық іске араластырып, соңы соттылыққа әкелуі мүмкін.

Бөлісу: Telegram WhatsApp