Мазмұнға өту
qandastar.

«Өндіріс тоқтаған жоқ»: «Қазатомөнеркәсіп» ҰҚК мәлімдемесінен кейін түсініктеме берді

Малика Хамит
«Өндіріс тоқтаған жоқ»: «Қазатомөнеркәсіп» ҰҚК мәлімдемесінен кейін түсініктеме берді

«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы басқарма мүшесі Қуаныш Омарбековтің ұсталуына байланысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Qandastar.kz.

Компания басшылық өкілдеріне қатысты тергеу жұмыстарына қажетті көмек көрсетіп жатқанын мәлімдеді.

Компанияның хабарлауынша, қазіргі уақытта барлық өндірістік нысан штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ «Қазатомөнеркәсіп» акционерлердің мүддесін ескере отырып, бұған дейін бекітілген өндірістік және қаржылық болжамдардың орындалатынын растады.

Осылайша, басшылық өкілдеріне қатысты тергеу компанияның күнделікті қызметіне және өндірістік жоспарларына әсер етпеген.

Еске салайық, бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті 2026 жылғы 23 қарашада «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма мүшесі Қуаныш Омарбековті және басқа да адамдарды ұстағанын хабарлаған болатын.

ҰҚК мәліметінше, олар «Самұрық-Қазына» қорының бұрынғы басшылығы ұйымдастырған сыбайлас жемқорлық схемасына қатысы бар деген күдікке ілінген. Ұсталғандар уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Бұл дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 367-бабының 4-бөлігімен (аса ірі мөлшерде пара беру) сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.

Комитет Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес тергеудің өзге деректері жария етілмейтінін мәлімдеді.

Айта кетейік, «Қазатомөнеркәсіп» – Қазақстандағы уран өндіретін ұлттық компания. Ол табиғи уран өндіру көлемі бойынша әлемдегі жетекші өндірушілердің бірі саналады.

Бөлісу: Telegram WhatsApp