Оңтүстік Кореяның Ичхон қаласында бөтен көліктің жолын бөгеп, ішіндегі адамдарға қоқан-лоққы көрсетті деген күдікпен 21 жастағы Қазақстан азаматы ұсталды, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Полиция оны үш ай бойы іздеген.
Оқиға 29 шілдеде болған. Екі жас жігіт басқа көлікті қуып жетіп, жолын бөгеген. Оқиға бейнебақылау камерасына түсіп қалған.
Алайда қараңғыда көліктің мемлекеттік нөмірін анықтау қиын болғандықтан, полиция күдіктілерді бірден таба алмаған. Кейін мамандар нөмірдің бір бөлігін анықтап, күдіктілердің біріне әлеуметтік желідегі көлік сату туралы хабарландыру арқылы шыққан.
Күдікті - Оңтүстік Кореяда жұмыс істеген 21 жастағы қазақстандық. Ол 16 қазанда ұсталған. Екі күннен кейін сот оның бой тасалауы мүмкін екенін ескеріп, қамауға алуға рұқсат берген.
Жауап алу кезінде қазақстандық оқиғаны түсініспеушілікпен байланыстырған. Оның айтуынша, бұған дейін ол өз көлігін шетелдік азаматқа сатпақ болған, бірақ мәміле жүзеге аспаған. Кейін ол жәбірленушінің көлігін сол сатып алушының көлігі деп ойлап қалғанын айтқан.
Оқиғаға қатысы бар деген тағы бір адам — 25 жастағы Қазақстан азаматы. Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сәйкес, ол көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін бұған дейін елден депортацияланған.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі қазақстандықтың ұсталғанын растады. Ведомство мәліметінше, оған бөтеннің мүлкін бүлдіру, көші-қон режимін сақтамау және автокөлікті пайдалану қағидаларын бұзу сияқты бірнеше құқық бұзушылық бойынша айып тағылған.
Министрлік қазақстандық дипломаттар оған консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатқанын және істі бақылауда ұстайтынын хабарлады.