Мазмұнға өту
qandastar.

Онлайн сатып алынған тауарды қайтаруға бола ма? Заң не дейді

Бақытжан Мұса 65 қаралым
Фото: Министерство финансов РК
Фото: Министерство финансов РК

Ғаламтор арқылы сауда жасау күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналды. Алайда курьер жеткізген киімнің өлшемі сәйкес келмесе немесе тапсырыс берген тауар сипаттамасына сай болмаса, тұтынушының оны қайтаруға немесе айырбастауға құқығы бар, деп хабарлайды Qandastar.kz.

Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңына сәйкес, тиісті сападағы азық-түлікке жатпайтын тауарды сатып алғаннан кейін 14 күнтізбелік күн ішінде айырбастауға немесе қайтаруға болады. Бұл үшін тауар пайдаланылмаған, оның тауарлық түрі, тұтынушылық қасиеттері, пломбалары мен заттаңбалары сақталған болуы керек.

Сатып алуды растайтын құжат та қажет. Бұл фискалдық чек немесе сатып алу фактісін растайтын өзге құжат болуы мүмкін. Егер чек жоғалған болса да, тұтынушы сатып алуды осы сатушыдан жасағанын басқа жолмен дәлелдей алса, тауарды қайтару немесе айырбастау мүмкіндігі сақталады.

Онлайн саудада тауардың сипаттамасы да маңызды. Заң бойынша үлгісі немесе сипаттамасы бойынша сатылған тауар тұтынушыға көрсетілген үлгіге және сипаттамаға сәйкес келуі тиіс. Ал электрондық сауда кезінде тауарды жеткізу мүмкіндігі мен оның құны туралы ақпарат сатып алу-сату шарты жасалғанға дейін берілуі керек.

Дегенмен барлық тауарды қайтаруға болмайды. Тиісті сападағы тауарлардың ішінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар, іш киім, шұлық-ұйық бұйымдары, жануарлар мен өсімдіктер, метрлеп сатылатын тауарлар, сондай-ақ ұялы байланыстың абоненттік құрылғылары қайтаруға және айырбастауға жатпайды.

Ал егер тауар сапасыз болып шықса, тұтынушының құқықтары кеңірек. Мұндай жағдайда заңда белгіленген талаптарға сәйкес тауарды ауыстыруды, кемшілігін жоюды немесе ақшаны қайтаруды талап етуге болады. Сапасыз тауарды жеткізуге немесе қайтаруға байланысты шығындарды сатушы өтеуге міндетті.

Сондықтан интернеттен тауар сатып алғанда тапсырыстың сипаттамасын, сатушы туралы ақпаратты және төлем құжаттарын сақтап қойған жөн. Тауарды алған кезде оның сыртқы түрін, жиынтықталуын және сапасын бірден тексеру кейін дау туындаған жағдайда тұтынушының құқығын қорғауды жеңілдетеді.

Бөлісу: Telegram WhatsApp