Оңтүстік Корея президенті Ли Чжэ Мен КХДР-мен ұзақ жылдарға созылған соғыс жағдайын аяқтау мақсатында келіссөздерді бастауды ұсынды. Сонымен қатар Сеул Пхеньянның ядролық бағдарламасын тоқтату жолдарын талқылауға дайын екенін мәлімдеді. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Yonhap порталына сілтеп хабарлады.
Президент бұл бастаманы Кореяның Жапония отарынан азат етілуінің 81 жылдығына арналған салтанатты шарада жариялады. Оның айтуынша, тараптар бір-біріне қауіп төндіру саясатынан бас тартып, соғысты ресми түрде аяқтау жөніндегі диалогты бастауы қажет.
Ли Чжэ Мен келіссөздер аясында Солтүстік Кореяның ядролық қару бағдарламасын шектеудің нақты тетіктерін де қарастыруды ұсынды. Сондай-ақ ол қазіргі бітімгерлік режимінің орнына Корей түбегінде тұрақты бейбітшілік орнатуды көздейтінін жеткізді.
Еске салайық, Оңтүстік Корея мен КХДР арасындағы 1950–1953 жылдардағы Корей соғысы бейбіт келісіммен емес, уақытша бітіммен аяқталғандықтан, екі ел әлі күнге дейін ресми түрде соғыс жағдайында саналады.
Yonhap агенттігінің мәліметінше, 2025 жылдың маусымында қызметіне кіріскен Ли Чжэ Меннің татуласуға бағытталған бірнеше бастамасына Пхеньян әзірге нақты жауап берген жоқ.