Оралда жол апатынан төрт баласын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған әке қаза тапты, деп хабарлайды Qandastar.kz сайты "Мой город" басылымына сілтеме жасап.
Қайғылы жол апаты 27 шілдеде Деркөл кенті маңындағы айналма жолда болған. Полицияның мәліметінше, Lada Granta көлігінің жүргізушісі қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, Volkswagen Golf автокөлігімен бетпе-бет соқтығысқан. Соққыдан кейін Volkswagen көлігін сол бағытта келе жатқан Mercedes-Benz Sprinter шағын автобусы да соққан.
Жол апаты салдарынан Volkswagen көлігін басқарған 47 жастағы Орал тұрғыны Роман Бондарь оқиға орнында алған ауыр жарақаттарынан көз жұмды.
Белгілі болғандай, марқұм жұбайы өткен жылдың қараша айында қайтыс болғаннан кейін төрт қызын жалғыз өзі тәрбиелеп келген. Отбасын асырау үшін бірнеше жұмысты қатар атқарған. Балалардың кенжесі небәрі тоғыз жаста.
Марқұмның туысы Светлана Витенбектің айтуынша, Роман апат болған күні жұмысына қайта бара жатқан кезде қарсы бағытқа шыққан көлікпен соқтығысқан. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалуға барынша тырысқанымен, ауыр бас жарақаты мен кеуде тұсынан алған соққы салдарынан аман алып қалу мүмкін болмаған.
Марқұмның жақындары жол апатына кінәлі деп танылған Lada жүргізушісінің мас күйде болғанын айтып, оның заң алдында тиісті жауапкершілікке тартылатынына үміт білдірді. Олардың сөзінше, сараптама Роман Бондардың алкоголь қолданбағанын растаған.
Қазіргі уақытта төрт қыздың қамқорлығын 22 жастағы үлкен қызы Злата рәсімдеуге кіріскен. Ал тоғыз жастағы кенже қызы әзірге әкесінің қайтыс болғанын білмейтіні айтылды.
Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің мәліметінше, аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Lada жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамалған. Тергеу барысында қажетті сараптамалар тағайындалып, олардың қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады.
Роман Бондарь 30 шілде күні жер қойнына тапсырылды.