Мазмұнға өту
qandastar.

Өрт, эвакуация, құтқару: "Қазақмыс" кенішінде ауқымды оқу-жаттығу өтті

Малика Хамит · · 138 қаралым
Өрт, эвакуация, құтқару: "Қазақмыс" кенішінде ауқымды оқу-жаттығу өтті

"Қазақмыс" корпорациясы Шығыс Жезқазған кенішіндегі «Анненск» шахтасында өртті сөндіру және жұмысшыларды құтқару бойынша ауқымды оқу-жаттығу өткізді, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Іс-шараға өндірістік персоналмен қатар тау-кен құтқару қызметі, газдан құтқару взводы және өрт сөндіру бөлімшелері қатысты.

Сценарий бойынша шахтадағы скип оқпанының мұнаралы коперінде өрт шыққан. Мамандар шынайы жағдайға барынша жақын форматта әрекет етіп, жұмысшыларды жедел эвакуациялады, қауіпті аумақты қоршауға алып, шартты түрде зардап шеккен қызметкерді тауып, қауіпсіз жерге шығарды.

Сонымен бірге арнайы техниканың көмегімен өрт оқшауланып, толық сөндірілді. Компания мәліметінше, мұндай жаттығулар төтенше жағдай кезінде барлық қызметтің үйлесімді жұмысын тексеруге мүмкіндік береді.

Оқу-жаттығу нәтижесінде қатысушылардың іс-қимылына талдау жасалып, қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған қосымша шаралар белгіленді.

Бұл шара Өндірістік қауіпсіздік жылы аясында ұйымдастырылды. Жалпы, 2026 жылы Қазақмыс кәсіпорындарында 100-ге жуық практикалық жаттығу өткізу жоспарланып отыр. Олар өрт кезіндегі әрекет, персоналды эвакуациялау және апаттық-құтқару жұмыстарын қамтиды.

Сондай-ақ Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні қарсаңында компанияның тағы бір өндірістік нысанында өрт тақырыбындағы жоспарлы жаттығу өтіп, жұмыскерлер алғашқы көмек көрсету мен құтқару дағдыларын пысықтады.

Компания мұндай шаралар жұмыскерлердің өмірі мен денсаулығын сақтау басты басымдық екенін көрсететінін атап өтті.

Бөлісу: Telegram WhatsApp