Мазмұнға өту
qandastar.

Өскеменде аспалы көпір құлады: зардап шеккендер бар

Малика Хамит · · 956 қаралым
Өскеменде аспалы көпір құлады: зардап шеккендер бар

Өскеменде жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпір құлады, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Оқиға 7 мамыр күні кешкі сағат 20:30 шамасында Карбышев көшесінде болған.

Бұл туралы қалалық әкімдік хабарлады.

Әкімдік мәліметінше, оқиға кезінде көпір үстінде сегіз адам болған. Олардың төртеуі — кәмелетке толмаған жасөспірімдер.

Алдын ала ақпарат бойынша, жасөспірімдер көпірді тербетіп ойнаған. Соның салдарынан конструкция шайқалып, көпір төсеміне зақым келген.

Оқиға орнына төтенше жағдайлар қызметі мен жедел жәрдем бригадалары жедел жетті. Зардап шеккендер дәрігерлердің тексеруінен өтті.

Дәрігерлер ауыр жарақат тіркелмегенін хабарлады. Тек жеңіл сырылу мен көгеру анықталған. Қазір барлық зардап шеккендерге қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр.

Шығыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасы жағдайды бақылауға алған. Ал көпір уақытша жабылды.

Бөлісу: Telegram WhatsApp