Шығыс Қазақстан облысының Өскемен қаласында үш қабатты тұрғын үйдің шатыры өртеніп, құтқарушылар ғимараттан 8 адамды эвакуациялады, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Өрт Гоголь көшесінде орналасқан тұрғын үйде болған. Оқиға орнына жеткен Төтенше жағдайлар министрлігінің өрт сөндіру бөлімшелері түтінге толған ғимараттан тұрғындарды қауіпсіз жерге шығарды.
Құтқарушылардың жедел әрекетінің арқасында өрттің одан әрі таралуына жол берілмеді. Жалын 100 шаршы метр аумақта толық сөндірілді.
Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ. Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
ТЖМ өрт қауіпсіздігі қағидаларын сақтауға және төтенше жағдай кезінде сақтық шараларын орындауға шақырады.