Өскеменде жас велосипедшілер жол апатына ұшырап, алты бала зардап шекті, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Оқиға 27 мамыр күні таңғы сағат 09:30 шамасында Ертіс өзені арқылы өтетін көпірде болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, Toyota Avensis автокөлігінің жүргізушісі маневр жасау кезінде қауіпсіздікке көз жеткізбей, жол бойымен келе жатқан велосипедшілер колоннасын қағып кеткен.
Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің хабарлауынша, жол-көлік оқиғасы салдарынан кәмелетке толмаған алты спортшы жарақат алған. Оқиға орнына жедел жәрдем қызметі шақырылған.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, зардап шеккендер — 14-17 жас аралығындағы жасөспірімдер. Олар Өскемендегі «Ана мен бала» орталығына жеткізілген.
Дәрігерлер тексерісінен кейін бес бала амбулаториялық ем қабылдауға жіберілді. Ал бір жасөспірім бас сүйек жарақаты диагнозымен ауруханаға жатқызылған.
Қазір аталған жол апаты бойынша тексеру жүргізіліп жатыр.