Өскемен қаласында өткен Open Air музыкалық шарасы аясында есірткінің алдын алуға бағытталған профилактикалық акция өтті. Бұл туралы Polisia.kz мәліметіне сілтеме жасаған Qandastar.kz сайты хабарлады.
Іс-шара Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күніне арналған айлық аясында ұйымдастырылды. Акцияға Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен Өскемен қаласы полиция басқармасының мамандары қатысты.
18-21 маусым аралығында өткен концерттік бағдарлама кезінде келушілерге есірткінің зияны мен оны таратудың құқықтық салдары туралы ақпарат берілді. Сондай-ақ полиция қызметкерлері түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, есірткі қылмыстары үшін қарастырылған жауапкершілік жөнінде айтып өтті.
Шара барысында тұрғындарға есірткіге қарсы бағытталған бейнероликтер көрсетіліп, 1000-ға жуық ақпараттық буклеттер мен жадынамалар таратылды.
Акцияның басты мақсаты – жастар арасында есірткіге қарсы дұрыс көзқарас қалыптастыру, оларды заңсыз әрекеттерге тартудың алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттау.
Полиция өкілдері есірткі қылмыстарының алдын алу бойынша жұмыстар тұрақты түрде жалғасатынын атап өтті.