Отбасы банк тұрғын үй депозиттері бойынша мемлекеттік сыйлықақы беру ережелерін өзгерту мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Қазіргі таңда салымшылар жыл сайын мемлекеттен сыйлықақы алады. Оның мөлшері бір жыл ішінде депозитке салынған қаржыға байланысты есептеледі және 200 айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) 20 пайызынан аспайды. Мәселен, 2026 жылы ең жоғары сыйлықақы 157 280 теңгені құраса, 2027 жылы оның көлемі шамамен 173 мың теңгеге жетеді.
Ұсынылып отырған өзгерістерге сәйкес, егер салымшы қаражат жинауды тоқтатып, депозитін мерзімінен бұрын жапса, бұрын берілген мемлекеттік сыйлықақы бюджетке қайтарылады. Қолданыстағы тәртіп бойынша, егер депозит үш жылдан астам уақыт сақталса, салымшы сыйлықақыны өзінде қалдыра алады.
Сонымен қатар жаңа ереже қабылданса, ипотекалық несие рәсімделген сәттен бастап мемлекеттік сыйлықақы есептеу тоқтатылады. Қазір бұл төлем клиент аралық немесе алдын ала заем кезеңінде болған кезде де жалғасады.
Отбасы банк басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, бұл өзгерістер әзірге талқылану үстінде. Егер олар мақұлданса, тек жаңадан ашылатын депозиттерге ғана қолданылады. Ал бұрын ашылған салымдар үшін қазіргі ережелер өзгеріссіз қалады.
Сондай-ақ мемлекеттік сыйлықақыны республикалық бюджеттен бөлек, банктің дивидендтері есебінен қаржыландыру мүмкіндігі де қарастырылып жатыр.