Шығыс Қазақстан облысында дүкенге арналған жарнамалық ролик түсіру кезінде жол қауіпсіздігі талаптарын бұзған азаматтар жауапқа тартылды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Оқиға әлеуметтік желіде тараған видеодан кейін полиция назарына іліккен. Кадрда қозғалыстағы көліктің жолаушысы терезеден басын шығарып, қауіпті әрекет жасағаны көрінеді.
Полиция қызметкерлері роликке қатысқан адамдарды анықтап, олардың әрекетіне құқықтық баға берді.
Нәтижесінде көлік жүргізушісі жолаушыларды тасымалдау талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал қозғалыс кезінде көліктен басын шығарған жолаушыға да әкімшілік шара қолданылды.
Полиция мұндай әрекеттердің салдары ауыр болуы мүмкін екенін ескертті. Әлеуметтік желіге арналған әсерлі кадр түсіру жолдағы қауіпсіздік талаптарын екінші орынға ысырып тастамауы керек.
Қауіпсіздікке қатер төндіретін контент үшін жауапкершілік те қарастырылған.