Мазмұнға өту
qandastar.

Өзін киберполиция қызметкері деп таныстырған алаяқтар әйелді 4,4 млн теңгеге алдап соққан

Малика Хамит
Өзін киберполиция қызметкері деп таныстырған алаяқтар әйелді 4,4 млн теңгеге алдап соққан

Жамбыл облысының тұрғыны өзін мемлекеттік орган мен банк қызметкерлері ретінде таныстырған алаяқтардың арбауына түсіп, 4,4 млн теңгесінен айырылған, деп хабарлайды Qandastar.kz.

Ақшаның бір бөлігі қайтарылғанымен, қалған 2 млн теңгені қайтару үшін әйел сотқа жүгінуге мәжбүр болды.

Оқиға биыл маусым айында болған. Әйелге белгісіз адамдар хабарласып, өздерін ХҚКО, банк және киберполиция қызметкерлері ретінде таныстырған.

Олар әйелдің банктік шоттарын қорғау қажет екенін айтып, сеніміне кірген. Сондай-ақ оны қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін деп қорқытып, бірнеше несие рәсімдеуге көндірген. Кейін қарызға алынған ақшаны өздері көрсеткен шоттарға аудартқан. Нәтижесінде әйел 4,4 млн теңгесінен айырылған.

Алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталған. Тексеру кезінде жәбірленушіге мүлде таныс емес, онымен ешқандай қаржылық байланысы жоқ екі азаматтың банк шотына 1 млн теңгеден түскені анықталған.

Кейін ақшаны алған басқа адамдар әйелге 2,2 млн теңгені өз еркімен қайтарған. Алайда қалған 2 млн теңге қайтпаған соң, ол екі азаматтан әрқайсысы 1 млн теңгеден өндіріп беруді сұрап, сотқа талап арыз түсірген.

Сот қандай шешім шығарды?

Талас аудандық соты істі қарап, екі жауапкерден де 1 млн теңгеден негізсіз баю сомасын өндіріп алу туралы шешім шығарды. Бұдан бөлек, олардан мемлекеттік баж да өндіріледі.

Осылайша, әйел алаяқтарға аударған ақшасының қайтарылмаған бөлігін сот арқылы өндіріп алуға мүмкіндік алды.

Бөлісу: Telegram WhatsApp