Астанадағы «Qyran» тұрғын үй кешеніндегі жылжымайтын мүлікті сату кезінде болған алаяқтық ісіне қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Төрт адам 8 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.
Тергеу мәліметінше, «International Invest Company IIC» ЖШС қызметкерлері сатып алушылармен ресми сатып алу-сату шарттарының орнына брондау, кепілақы және алдын ала келісімдер жасаған. Мұндай құжаттар пәтерге меншік құқығын бермеген.
Алайда сату кеңсесінде клиенттерге тұрғын үй нысандарының макеттері, техникалық құжаттар, сенімхаттар және компанияның мүлікке құқығы бар екенін көрсететін анықтамалар ұсынылған. Пәтерлер, коммерциялық орындар мен автотұрақтар нарық бағасынан төмен бағамен сатылатыны айтылған.
Азаматтар ақшаны қолма-қол берген немесе күдіктілердің жеке шоттарына аударған. Бұл төлемдер компанияның бухгалтерлік және банктік есептерінде көрсетілмеген.
Сонымен қатар сотталғандар құрылыс компаниясының қаражатын иемденуге бағытталған тағы бір схема қолданған. Клиенттермен жалған келісімдер жасалып, кей нысандарға меншік құқығы тіркелгенімен, сатудан түскен ақша компания кассасына түспеген.
Сот 35 жәбірленушінің жалпы сомасы 2,2 млрд теңгеден асатын талаптарын қанағаттандырды. Бұдан бөлек, «International Invest Company» ЖШС пайдасына 3,9 млрд теңге өндіріп алу туралы шешім қабылданды.
Жәбірленушілерге жалпы құны 1,3 млрд теңге болатын 78 нысан беріледі. Тағы 73 жылжымайтын мүлік нысаны адал ниетті сатып алушыларға берілген.