Қазақстанда пәтерді жалға берген меншік иесі жалға алушының келісімінсіз тұрғын үйге өз бетінше кіре алмайды. Тіпті пәтер өз меншігінде болған күннің өзінде, жалға алушының тұрғын үйге қол сұғылмаушылық құқығы заңмен қорғалады. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Қазақстан Республикасының Конституциясының 25-бабына сәйкес, тұрғын үйге қол сұғылмайды. Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, тұрғын үйге онда тұратын адамдардың еркінен тыс кіруге жол берілмейді.
Сонымен қатар, ҚР Азаматтық кодексінің 540 және 586-баптарына сәйкес, жалдау шарты жасалғаннан кейін жалға алушы тұрғын үйді шарт талаптарына сай иеленуге және пайдалануға құқылы. Сондықтан пәтер иесі меншік құқығына сүйеніп, жалға алушының жеке кеңістігіне кедергісіз кіре алмайды.
Пәтер иесі қандай жағдайда кіре алады?
Жалға беруші тұрғын үйге мынадай жағдайларда кіре алады:
Жалға алушының келісімімен және алдын ала келісілген уақытта;
Өрт, су басу, газдың шығуы сияқты шұғыл жағдайларда;
Адамдардың өмірі мен денсаулығына немесе мүлікке тікелей қауіп төнген кезде.
Күнделікті тексеру, жөндеу жұмыстарын жүргізу немесе пәтердің жағдайын бақылау үшін меншік иесі жалға алушымен алдын ала келісуі керек.
Заң бұзылған жағдайда не істеу керек?
Егер пәтер иесі жалға алушының келісімінсіз өз кілтімен тұрғын үйге кірсе, бұл тұрғын үйге қол сұғылмаушылық құқығын бұзу ретінде бағалануы мүмкін.
ҚР Қылмыстық кодексінің 149-бабында тұрғын үйге қол сұғылмаушылықты бұзғаны үшін жауаптылық көзделген. Мұндай жағдайда жалға алушы полицияға 102 нөмірі арқылы хабарласып, құқық қорғау органдарына арыз бере алады.
Сондай-ақ жалдау шартында пәтерді тексеру тәртібін, хабарлау мерзімін және тексеру жиілігін алдын ала нақтылап алған жөн. Мысалы, меншік иесі пәтерді тек 24 сағат бұрын ескертіп, жалға алушымен келісілген уақытта тексере алады.
Осылайша, пәтердің меншік иесі болу жалға алушының келісімінсіз тұрғын үйге кіруге автоматты түрде құқық бермейді. Жалдау мерзімі ішінде жалға алушының тұрғын үйге қол сұғылмаушылық құқығы сақталуы тиіс.