Павлодар облысында жол қозғалысы ережелерін бұзуды тіркейтін алты камераны қасақана зақымдаған 31 жастағы ер адам ұсталды. Оқиға Омбы – Майқапшағай автожолында болған. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Полиция мәліметінше, мотоциклмен келген ер адам жол бойындағы аркалы құрылымға жақындап, оған орнатылған алты камераның корпусын әдейі бүлдірген. Оның әрекеті бейнебақылау камераларына түсіп қалған.
Камералардың сыртқы корпустарына зақым келгенімен, құрылғылар жұмысын тоқтатпаған және жол ережесін бұзуды тіркеуді жалғастырған.
Жедел іздестіру шаралары барысында полицейлер күдіктінің жеке басын анықтады. Ол жақын маңдағы елді мекендердің бірінде тұратын 31 жастағы азамат болып шықты.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп, келтірілген материалдық залалдың көлемі анықталған.
Полиция бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіру заң бойынша жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертті.