Павлодар облысында Ертіс өзенінде қайық аударылып, бір адам жоғалып кетті, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Құтқарушылар оны бірнеше күннен бері іздеп жатыр.
Оқиға 12 қыркүйекте Жанауыл ауылының маңында болған. Қайықта барлығы бес адам болған. Төртеуі өз бетімен жағаға шығып үлгерген.
Ал 1983 жылы туған ер адам судан табылмаған. Құтқарушылар оның суға батып кеткен болуы мүмкін екенін айтып отыр.
Қазір іздеу жұмыстарына сүңгуірлер мен арнайы мамандар жұмылдырылған. Ертіс өзенінің шамамен 35 шақырым аумағы зерттелді. Сүңгуірлер 5 мың шаршы метрге жуық аумақты тексерген. Сонымен қатар іздеу кезінде эхолоттар қолданылып жатыр.
Құтқарушылардың айтуынша, іздеу жұмыстары жалғасуда.
ТЖД тұрғындарға желдің жылдамдығы секундына 15 метрге және одан жоғары болған кезде шағын кемелермен суға шықпауға кеңес береді. Мұндай жағдайда суға түсу адам өміріне қауіп төндіреді.