Павлодар облысының Тереңкөл ауданында былтыр болған қайғылы оқиғаға қатысты жаңа деректер жарияланды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Тергеу материалдары оқиғаның себебі отбасындағы сенімсіздік пен күдікке байланысты болғанын көрсетеді.
26 жастағы ер адам екі баланы тәрбиелеп отырған. Алайда ол үш жасар қызды өзінен емес деп күдіктеніп, жұбайын опасыздыққа айыптаған. Осы күдіктің салдарынан ер адам балаға ұзақ уақыт бойы қатыгездік көрсеткен.
Прокуратура мәліметінше, ол қызын бірнеше ай бойы — қаңтардан қыркүйекке дейін — ұрып-соғып, тіпті түнде шарфпен төсекке байлап қойған жағдайлар да болған.
Қайғылы күндердің бірінде ер адам көршісінің моншасында ішімдік ішкен. Кешке үйіне келіп, қызын тағы да соққыға жыққан. Кейін қайтадан моншаға барып, ашуға бой алдырған күйде баланы көтеріп, еденге лақтырып жіберген.
Ауыр жарақат алған бүлдіршін аудандық ауруханада көз жұмды. Дәрігерлер оның бауыры жыртылып, ішкі қан кету болғанын анықтаған.
Қазір күдіктіге «Азаптау» және «Адам өлтіру» баптары бойынша айып тағылды. Оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылуы мүмкін. Бірақ айыпталушы өз кінәсін мойындамай отыр.