Павлодарда жаңа туған сәбиін ақшаға бермек болған әйел сотталды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Ол қызын 800 мың теңгеге сатуға алдын ала келіскен.
Түркістаннан келген 2002 жылы туған әйел жүктілік кезінде-ақ баласын сатуды жоспарлаған. Ол әлеуметтік желідегі бала асырап алуға ниетті адамдар жиналған қауымдастыққа хабарландыру жариялап, көп ұзамай «сатып алушы» тапқан.
28 наурызда әйел Павлодар облыстық перинаталдық орталығында дені сау қызды дүниеге әкелген. Үш күннен кейін ол сәбиді медициналық құжаттарымен бірге пәтерде сатып алушыға тапсырған. Алайда уәде етілген 800 мың теңгенің орнына небәрі 100 мың теңге алған.
Бұл ретте сатып алушы шын мәнінде құқық қорғау органдарының қызметкері болған. Ақша алдын ала арнайы тіркеліп, операция барысында әйелдің әрекеті құжатталған.
Сот әйелді кәмелетке толмағандар саудасы бойынша кінәлі деп танып, бес жылға бас бостандығынан айырды. Алайда жазаны өтеу бес жылға кейінге қалдырылды.