Павлодар облысында полиция мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері бірлескен арнайы операция барысында бопсалаумен айналысты деген күдікке ілінген адамдар тобын ұстады, деп хабарлайды qandastar.kz порталы Рolisia.kz-ке сілтеме жасап.
Тергеудің алдын ала мәліметінше, күдіктілер Ақсу және Екібастұз қалаларында азаматтарды қорқытып, олардан тұрақты түрде ақша талап еткен. Зардап шеккендердің арасында жоғары оқу орындарының студенттері мен ірі өндіріс орындарының қызметкерлері бар.
Тінту кезінде күдіктілерден ақша, ұялы телефондар, банк карталары, түрлі құжаттар және іс үшін маңызды дәлелдемелер тәркіленді. Сондай-ақ олардың пайдаланған автокөліктері арнайы айып тұрағына қойылды.
Павлодар облысы полиция департаментінің мәліметінше, бопсалау фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалды. Полицияға 10 адам жеткізіліп, олардың төртеуіне қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
Қазір құқық қорғау органдары ұсталғандардың осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.
[embed]https://youtu.be/KdAp0bmA-_g?si=qjfCRiCFB2kAXyNK[/embed]