Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкері Аида Аблаева ММА-дан әлем чемпионатында күміс медаль жеңіп алды. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Аида Аблаева BATYR TEAM спорт клубының атынан өнер көрсетіп, «2026 IMMAF World Championships» әлем чемпионатында екінші орынға ие болды.
Жарыс 1-7 қараша аралығында Грузияның Тбилиси қаласында өтті. Әлемдік додаға 60 елден 850-ден астам спортшы қатысты. Аида 18-20 жас аралығындағы қатысушылар арасында 52,2 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынады.
Айта кетейік, биыл қазан айында спортшы АММА-дан Қазақстан чемпионы атанып, әлем біріншілігіне жолдама алған болатын.
Аида Аблаеваны халықаралық деңгейдегі жетістігімен құттықтаймыз! Алдағы уақытта да спорттық биіктерді бағындырып, жаңа жеңістерге жете беруіне тілектеспіз.