Қазақстанда педагогтердің оқушылар үшін жауапкершілігі заң жүзінде тек оқу-тәрбие процесі кезеңімен шектелмек. Сабақтан тыс уақытта орын алған төтенше жағдайлар үшін жауапкершілік ата-аналар мен заңды қамқоршыларға жүктеледі. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Tengrinews.kz агенттігіне сілтеп хабарлады.
Педагог мәртебесі мен білім беру мәселелеріне қатысты заң жобасын таныстыру барысында депутат Асхат Аймағамбетов мұғалімдер мен мектеп басшылары оқу уақытынан тыс кезеңде оқушылар үшін жауап бермеуі тиіс екенін атап өтті.
Оның айтуынша, өткен жылы елімізде қоғамда үлкен резонанс тудырған бірнеше жағдай тіркелген. Ондай оқиғалар көбіне жазғы демалыс кезінде, кешкі немесе демалыс күндері болған. Сол сәттерде мұғалімдер жұмыс орнында болмағанына қарамастан, кейбір мектеп директорлары мен педагогтер жауапқа тартылып, тіпті жұмыстан шығарылған. Депутат мұны әділетсіздік деп бағалады.
Осыған байланысты заңға нақты норма енгізу ұсынылып отыр. Яғни, педагогтер оқушылардың өмірі мен денсаулығына тек оқу процесі барысында және өз қызметтік міндеттері аясында ғана жауапты болады. Ал каникул, түнгі уақыт және демалыс күндері үшін жауапкершілік толықтай ата-аналарға жүктеледі.
Аймағамбетов педагогтердің құқықтарын қорғау қажеттігін айтып, заңда бұл мәселе бойынша екіұшты түсіндірулер болмауы тиіс екенін жеткізді.
Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова да осы пікірді қолдап, мұғалімдер өз бақылауынан тыс жағдайлар үшін жауап бермеуі керек екенін айтты. Оның пікірінше, педагогтің негізгі міндеті – білім беру және оқушының оқу процесін сапалы ұйымдастыру.
Сонымен қатар, заң жобасында мектептердегі смартфон қолдану мәселесі де қарастырылған. Депутаттар барлық білім беру ұйымдарына ортақ ереже енгізуді ұсынып, мобильді құрылғыларды пайдалану тәртібін анықтау құзыретін Оқу-ағарту министрлігіне беруді көздеп отыр.