Әлеуметтік желіде сотталған Перизат Қайраттың туыстарына Дубайда бірнеше пәтер тиесілі екені туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Осыған байланысты Қаржылық мониторинг агенттігі мәлімдеме жасап, жылжымайтын мүліктің қай қаражатқа сатып алынғаны тексерілгенін хабарлады.
Тексеру барысында күмән расталмаған. Агенттік мәліметінше, тергеушілер барлық қаржылық операцияларды жан-жақты талдап, қайырымдылыққа жиналған ақшаны заңдастыру тетіктерін анықтаған.
Тергеу материалдары бойынша, Перизат Қайрат қайырымдылыққа жиналған қаражатты жеке мақсаттарына жұмсаған. Атап айтқанда, оған автокөліктер мен пәтерлер сатып алып, тұрғын үйлерді жөндеген, жиһазбен жабдықтаған. Сондай-ақ қымбат брендтердің киімдері мен әшекейлеріне, бизнес-класпен ұшуға, сәнді қонақүйлерде тұруға және ойын-сауыққа ақша жұмсаған.
Ал оның туыстарының мүлкіне қатысты не белгілі?
ҚМА мәліметінше, Перизат Қайраттың туыстары мен оның арасында қаржылық есеп айырысу болғаны анықталмаған. Әлеуметтік желідегі жарияланымдарда сөз болған жылжымайтын мүлік 2011–2019 жылдары сатып алынған. Бұл — «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қоры құрылғанға және Перизат Қайраттың қылмыстық әрекеті басталғанға дейінгі кезең.
Агенттік туыстарының 20 жылдан астам уақыт бойы жылжымайтын мүлікті сатып алу және қайта сату кәсібімен айналысып келе жатқанын да атап өтті. Олар Перизат Қайрат пен оның анасынан бөлек тұрған әрі кәсіпкерлік қызметін дербес жүргізген.
Заң бойынша туыстық байланыс мүлікті тәркілеуге негіз болмайды. Қылмыстық-процестік кодекстің 161-бабына сәйкес, мүліктің қылмыстық жолмен алынғанын растайтын дәлелдер болған жағдайда ғана оны бұғаттауға және тәркілеуге болады.
Осылайша, адамның күдіктімен немесе сотталған адаммен туыстық қатынаста болуы өздігінен оны қылмыстық жауапқа тартуға немесе мүлкін тәркілеуге негіз бола алмайды.