Петропавлда такси жүргізушісі 73 жастағы зейнеткердің 2 миллион теңгеден астам жинағын интернет-алаяқтарға беріп қоюына жол бермеді, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Өзін байланыс операторының қызметкері ретінде таныстырған алаяқ әйелді алдап, ақшасын «қауіпсіз шотқа» аударуға көндірмек болған. Жолаушысының телефон арқылы біреудің нұсқауымен әрекет етіп келе жатқанын байқаған такси жүргізушісі Виктор Тимофеев оны райынан қайтаруға тырысқан. Алайда зейнеткер оның ескертуіне құлақ аспаған.
Банкке келген соң жүргізуші менеджерге күмәнді жағдай туралы хабарлап, полиция шақырған. Нәтижесінде зейнеткердің 2 миллион теңгеден астам қаражаты алаяқтардың қолына түспеді.
Полиция азаматтарды егде жастағы жақындарына интернет-алаяқтардың айла-тәсілдерін түсіндіріп, ақшаны аудару кезінде сақ болуға шақырады. Мамандардың айтуынша, дер кезінде берілген ескерту мен азаматтардың қырағылығы алаяқтықтың алдын алуға көмектеседі.