Петропавлда жаңа ғимараттың іргетасын қалау үшін жүргізілген жер қазу жұмыстары кезінде адам сүйектері табылды, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Адам қалдықтары инклюзивті орталық салынатын аумақтан шыққан. Әлеуметтік желіде тараған кадрларда экскаватордың топырақ қазған жерінен сүйектердің табылып, құрылысшылардың оларды жинап жатқаны көрінеді. Жұмысшылар бірнеше қапқа адам сүйектері жиналғанын айтқан.
Алдын ала мәлімет бойынша, бұл аумақта бұған дейін ескі христиан зираты болған. Жергілікті күзетшілердің айтуынша, мұндай қалдықтар бұл маңнан бұрын да табылған. Сүйектердің арасында балалардың қалдықтары болуы мүмкін деген ақпарат та айтылды.
Оқиғаға байланысты полиция тексеру жүргізіп жатыр. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, қаңқаларды табу фактісі тіркелген. Қазіргі уақытта қылмыстық сипаттағы белгілер анықталмаған.
Мамандар адам қалдықтарының нақты шығу тегін анықтайды. Тексеру нәтижесі бойынша тиісті қорытынды жасалады.
Табылған сүйектерді Жұмысшы кенті маңындағы зират аумағына қайта жерлеу жоспарланып отыр.