Мазмұнға өту
qandastar.

PGL Astana 2026: Әлемнің мықты командалары Астанада сынға түсуде

tursynhan · · 1 209 қаралым
PGL Astana 2026: Әлемнің мықты командалары Астанада сынға түсуде

Қазақстан астанасы бірнеше күнге әлемдік киберспорт орталығына айналды. «Barys Arena» спорт кешенінде Counter-Strike 2 ойыны бойынша халықаралық PGL Astana 2026 турнирі өтіп жатыр. Алғашқы күннен-ақ жарыс жоғары деңгейдегі ұйымдастырылуымен және тартысты матчтарымен жанкүйерлер назарын өзіне аударды, деп хабарлайды QANDASTAR ақпараттық агенттігі.

Турнирдің ашылу күні аренаның трибуналарына шамамен 7 мың адам жиналды. Жергілікті жанкүйерлер командаларға ерекше қолдау көрсетіп, жарыс атмосферасын қыздыра түсті. Турнир қонақтарының қатарында әлем чемпионы Даурен AdreN Қыстаубаев, бразилиялық киберспорт жұлдызы Габриэль FalleN Толедо, танымал стример Слава Бустер және PGL турнирлерінің жүргізушісі Джеймс Бэнкс болды.

Сарапшылардың пікірінше, мұндай халықаралық жарыстар Астананың ІТ және гейминг индустриясындағы беделін арттырып, оқиғалық туризмнің дамуына ықпал етеді.

Ширек финалдағы ең тартысты кездесулердің бірі құрамында қазақстандық Данил «molodoy» Голубенко өнер көрсететін FURIA мен Falcons командалары арасында өтті. Алғашқы картада FURIA 13:9 есебімен жеңіске жеткенімен, кейінгі екі картада Falcons қосымша уақытта басым түсті. Осылайша, қазақстандық ойыншы өнер көрсеткен команда жарысты аяқтады.

Мүмкін, бұл бізді одан әрі шыңдайтын тәжірибе шығар. Қолдау білдіргендердің бәріне рақмет
деді molodoy матчтан кейін.

Қазіргі уақытта турнирдің жартылай финалына MOUZ, Team Spirit, Magic және Falcons командалары өтті. 17 мамыр күні «Barys Arena»-да гранд-финал өтіп, PGL Astana 2026 чемпионы анықталады.

Бөлісу: Telegram WhatsApp