Мазмұнға өту
qandastar.

Полиция жүргізушілерге рөлдегі микроұйқының қауіпті екенін ескертті

Бақытжан Мұса
Фото: gov.kz
Фото: gov.kz

Көлік жүргізу кезінде бірнеше секундқа көз ілініп кетудің өзі жол-көлік оқиғасына себеп болуы мүмкін. Полиция жүргізушілерге мик ұйқының қауіптілігі туралы ескертіп, жолға шығар алдында толыққанды демалуға шақырды. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.

Микроұйқы – адамның бірнеше секундқа еріксіз ұйықтап кетуі. Мұндай жағдайда жүргізушінің көзі ашық болғанымен, миы сыртқы жағдайларды қабылдап, көлікті басқаруды уақытша тоқтатады.

Мәселен, көлік сағатына 100 шақырым жылдамдықпен келе жатқанда, жүргізуші небәрі үш секундқа ұйықтап кетсе, автомобиль шамамен 83 метр жолды бақылаусыз жүріп өтеді. Бұл аралықта ауыр жол апаты орын алуы мүмкін.

Микроұйқының ең қауіпті тұсы – оның жүргізушіге байқалмай басталуы. Мамандар кофе ішу, қатты музыка қосу немесе терезені ашу шаршауды жоймайтынын ескертеді.

Көлік жүргізу кезінде ұйқышылдықтың негізгі белгілері:

  • қабақтың ауырлауы;

  • жиі есінеу;

  • зейіннің төмендеуі;

  • реакцияның баяулауы.

Егер осы белгілер байқалса, жүргізуші көлікті қауіпсіз жерге тоқтатып, демалуы қажет. Ұйқышылдықты күшпен жеңуге тырысу өмірге қауіп төндіреді.

Полиция өкілдері жолға шығар алдында жеткілікті ұйықтауға, еңбек және демалыс режимін сақтауға, ұзақ сапар кезінде үзіліс жасап отыруға кеңес береді.

Мамандардың айтуынша, рөлдегі бірнеше секундтық микроұйқы жүргізушінің ғана емес, жол қозғалысына қатысушылардың барлығының өміріне қауіп төндіруі мүмкін.

Бөлісу: Telegram WhatsApp