ІІМ пәтерлерді аралап, тұрғындардың биометриялық деректерін жинап жүргендер туралы ақпаратқа жауап берді, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Қазақстандықтарды алаңдатқан жаңа хабарлама әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде кеңінен тарады. Онда өзін полиция қызметкері ретінде таныстырған белгісіз адамдар тұрғындардың үйін аралап, құжаттарын тексеріп, биометриялық мәліметтерін жинап жүргені айтылған.
Алайда Ішкі істер министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарды. Ведомствоның мәліметінше, тараған хабарлама шындыққа сәйкес келмейді. Мұндай мазмұндағы ескертулер бұған дейін де әлеуметтік желілерде жарияланып, полиция тарапынан теріске шығарылған.
Министрлік азаматтарды жалған ақпаратқа сенбеуге және оны әрі қарай таратпауға шақырды. Сондай-ақ қандай да бір күмәнді хабарламаға тап болған жағдайда, мәліметті алдымен ресми дереккөздерден тексеру қажет екенін ескертті.
Айта кетейік, Қазақстанда көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін заң бойынша жауапкершілік қарастырылған.