Астанада үлестік құрылысқа қатысу туралы жалған келісімшарттар арқылы пәтерлерді заңсыз иемденуге әрекет жасаған қылмыстық топтың жолы кесілді, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Іс бойынша 19 адам күдікті деп танылып, олардың тоғызы қамауға алынған. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады.
Тергеу деректеріне сәйкес, «Төленді» тұрғын үй-құрылыс кооперативін басқарған А. Байжұманов бұған дейін 1,5 мың үлескердің 10 млрд теңгесін жымқыру ісі бойынша сотталған. 2016 жылы ол сегіз жылға бас бостандығынан айырылған.
Кейін Астана әкімдігінің қатысуымен тұрғын үйлердің құрылысы аяқталып, пәтерлердің бір бөлігі әлеуметтік осал топтағы азаматтарға, соның ішінде көпбалалы отбасыларға, жетім балаларға және мүгедектігі бар адамдарға берілуге тиіс болған.
Алайда тергеу мәліметінше, жазасын өтеп шыққаннан кейін Байжұманов сыбайластарымен бірге осы пәтерлерді иемденудің жаңа схемасын ұйымдастырған.
80-нен астам жалған үлескер тартылған
Қылмыстық топ шын мәнінде пәтер сатып алмаған адамдардың атына кооперативке жарна төлеу туралы жалған шарттар рәсімдеген. Құжаттар өткен күнмен жасалып, олардың негізінде құқық қорғау органдарына алаяқтық туралы арыздар берілген.
Осы арыздар бойынша қылмыстық істер қозғалып, жалған үлескерлер жәбірленуші ретінде танылған. Ал топ мүшелері сот шешімдерін пайдаланып, пәтерлерді өз аттарына рәсімдеп, кейін басқа адамдарға сатып, түскен ақшаны бөлісуді көздеген.
Тергеу барысында схемаға 80-нен астам жалған үлескердің тартылғаны анықталды. Олардың атына 170 жылжымайтын мүлік нысанын рәсімдеу жоспарланған.
Нәтижесінде жалпы құны 4,4 млрд теңгеден асатын пәтерлерді заңсыз иемдену әрекетінің жолы кесілді.
Азаматтарға 400 млн теңгеден астам шығын келген
Қылмыстық топ мүшелері жалған келісімшарттарды басқа азаматтарға да сатып, олардың 400 млн теңгеден астам қаражатына шығын келтірген.
Сонымен қатар тергеу барысында полиция қызметкерлерінің де іске қатысы болуы мүмкін екені анықталған. Лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану және дәлелдемелерді бұрмалау деректері бойынша тергеу басталды.
Қазіргі уақытта күдіктілердің жалпы құны 250 млн теңгеден асатын мүлкіне тыйым салынған. Сотқа дейінгі тергеу аяқталып, процеске қатысушылар іс материалдарымен танысып жатыр.