Степногорскіде пәтердегі қатты музыкаға байланысты шақырту күтпеген жанжалға ұласқан, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Полицияға тұрғын үйдің біріндегі пәтерден шу шығып жатқаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына барған патрульдік полицейлер қатты музыка ойнап тұрғанын естіген.
Есікті 40 жастағы әйел ашқан. Полиция оның мас болғанын анықтаған. Қызметкерлер музыканы өшіруді сұрап, медициналық куәландырудан өтуді ұсынған. Алайда әйел талапты орындаудан бас тартып, полицейлерге балағат сөздер айтып, агрессия көрсете бастаған.
Жанжал кейін подъезге шыққан. Әйел алдымен полицейлердің бірін итеріп, артынша оған шабуыл жасаған. Нәтижесінде қызметкердің беті мен мойнында тырнау іздері қалған.
Оқиғаның бір бөлігін екінші полицей дене камерасына түсіріп алған.
Қазір полиция қызметкеріне күш қолдану фактісі бойынша тергеу жүріп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.