Батыс Қазақстан облысында интернет және телефон арқылы жасалатын алаяқтық деректері көбейіп келеді. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Polisia.kz порталына сілтеп хабарлады.
Полицияның мәліметінше, алаяқтар азаматтарға WhatsApp мессенджері немесе белгісіз нөмірлер арқылы хабарласып, өздерін министрлік, Халыққа қызмет көрсету орталығы, банк немесе басқа мемлекеттік мекеме қызметкері ретінде таныстырады. Сенім ұялату үшін олар мемлекеттік органдардың атауы мен рәміздерін пайдаланатын жалған аккаунттарды қолданады.
Әңгіме барысында қаскөйлер азаматтың атына несие рәсімделгенін, жеке деректерінің таралғанын немесе үшінші тұлғалардың оның қаражатын иемденуге әрекет жасап жатқанын айтып, қорқытуға тырысады. Кей жағдайда олар азаматтың аты-жөні, жеке сәйкестендіру нөмірі және телефон нөмірі сияқты мәліметтерді айтып, сенімге кіреді.
Сонымен қатар алаяқтар өзге адамдардың осындай жағдайға тап болғаны туралы жалған оқиғаларды мысалға келтіріп, психологиялық қысым көрсету арқылы өз айтқандарын орындатуға әрекет етеді.
«Қаражатыңызды қорғау» деген сылтаумен олар азаматтарды несие рәсімдеуге, ақшаны «қауіпсіз шотқа» аударуға, банк картасының деректерін, CVV-кодты, SMS арқылы келген растау кодтарын айтуға немесе бөгде мобильді қосымшаларды орнатуға көндіреді.
Осыған байланысты полиция азаматтарға қырағы болуға шақырды. Ведомство мемлекеттік органдар мен банк қызметкерлері WhatsApp арқылы хабарласып, ақша аударуды немесе несие рәсімдеуді талап етпейтінін еске салды. Сондай-ақ ешкімге жеке деректерді, банк картасының мәліметтерін және SMS-кодтарды бермеуге, күмәнді сілтемелерге өтпеуге әрі белгісіз қосымшаларды жүктемеуге кеңес берді.
Егер күмәнді қоңырау немесе хабарлама келсе, әңгімені бірден тоқтатып, ұйымның ресми байланыс нөмірі арқылы ақпаратты өзіңіз нақтылаған жөн. Ал алаяқтардың құрбаны болған жағдайда жақын жердегі полиция бөліміне жүгініп немесе 102 нөміріне хабарласу қажет.