Мазмұнға өту
qandastar.

Полиция қазақстандықтарға жалған инвестициялық жобалардан сақ болуға кеңес берді

Бақытжан Мұса · · 156 қаралым
Полиция қазақстандықтарға жалған инвестициялық жобалардан сақ болуға кеңес берді

Полиция азаматтарға әлеуметтік желілерде, мессенджерлерде және түрлі интернет-платформаларда жарнамаланатын күмәнді инвестициялық ұсыныстарға сенбеуге кеңес берді. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат агенттігі хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, алаяқтар өздерін брокер, инвестициялық компания өкілі немесе қаржы сарапшысы ретінде таныстырып, жоғары табысқа кепілдік беретін жобаларды ұсынады. Олар азаматтарды тәуекелсіз әрі қысқа мерзімде қомақты пайда табуға болатынына сендіруге тырысады.

Әдетте алдымен аз көлемде қаражат салуды сұрайды. Кейін жалған сайт немесе арнайы қосымша арқылы инвестиция көлемі көбейіп жатқандай әсер қалдырады. Біраз уақыттан соң «инвестицияны ұлғайту», «комиссия төлеу» немесе «шотты белсендіру» сияқты түрлі себептермен қосымша ақша аударуды талап етеді.

Ал жәбірленуші салған қаражатын қайтарып алмақ болғанда, сайт жұмысын тоқтатып, аккаунты бұғатталады. Өзін қаржы кеңесшісі ретінде таныстырған адамдар байланысқа шықпай, нәтижесінде азамат барлық ақшасынан айырылып қалуы мүмкін.

Полиция мұндай алаяқтықтан сақтану үшін бірнеше қарапайым ережені ұстануға шақырды. Атап айтқанда, кепілді жоғары табыс туралы уәделерге сенбеу, қысқа уақытта ақшаны бірнеше есе көбейтеміз деген ұсыныстардан бас тарту, бейтаныс адамдардың қысымымен ақша аудармау қажет.

Сонымен қатар банк картасының деректерін, CVV кодын және SMS арқылы келетін растау кодтарын ешкімге бермеу, күмәнді сілтемелерге өтпеу және белгісіз қосымшаларды жүктемеу маңызды екені ескертілді.

Бөлісу: Telegram WhatsApp