Фото:Zakon.kz
ҚР ІІМ 2025 жылғы 26 наурыздағы бұйрығымен ішкі істер органдарына қызметке қабылдау, қызметке тағайындау, ауыстыру, жоғарылату, демалыс беру, арнаулы атақтар беру, қызметтен босату және іссапарға жіберу туралы нұсқаулыққа өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, деп хабарлайды qandastar.kz
Атап айтқанда, жаңа ұғымдар қосылды:
- ақпараттық автоматтандырылған дерекқор (ақпараттық жүйе) – құқық қорғау қызметіне қабылдау мәселелері бойынша жоспарлау, іріктеу (құжаттарды қабылдау) және персоналды басқарумен байланысты қызметті автоматтандыруға арналған ақпаратты жинауды, сақтауды, беруді және өңдеуді қамтамасыз ететін бағдарламалық-аппараттық кешен;
- бәсекеге қабілеттілік көрсеткіші (цифрлық рейтинг) – құқық қорғау органының ақпараттық-кадрлық жүйесі арқылы қалыптасатын, кәсіби құзыреттіліктерге, сондай-ақ лауазымның негізгі көрсеткіштеріне және кәсіби жетістіктері (өлшемдері) туралы объективті деректерге негізделген қызметке үміткердің және қызметкердің кәсіби әлеуетінің ресімделген сандық көрінісі.
Әрбір жоғары басшы лауазымға бәсекеге қабілеттілігі ең жоғары балл (цифрлық рейтинг) бар кемінде бес үміткер ұсынылатыны көрсетілген.
Сондай-ақ, қызметкерді іссапарға жіберу тиісті лауазымдарға тағайындауға құқығы бар Ішкі істер министрлігі уәкілетті басшысының, Ішкі істер министрлігі департаментінің, Ішкі істер министрлігі білім беру ұйымының уәкілетті басшысының бұйрығымен жүзеге асырылатыны көрсетілген.
Бұл ретте қызметкер қызметке іссапарға жіберілген күннен бастап тағайындалады.
Кадр қызметі қызметкерді қызметке қабылдайтын органға іссапарға жіберу туралы бұйрықтан үзінді көшірме қоса берілген хатты жібереді.
Бұйрық жаңа тармақты қоспағанда, 2025 жылғы 12 сәуірде күшіне енеді.