Польшада бұрын қамауға алынған Қазақстан азаматы босатылды. Бұл мәселеге Қасым-Жомарт Тоқаев тікелей араласқанын Qandsstar.kz сайты Zakon.kz порталына сілтеп хабарлады.
Президенттің кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы Айбек Смадияров мәлімдеуінше, Польшада ұсталған қазақстандық 28 сәуір күні бостандыққа шыққан. Оның айтуынша, бұл нәтиже мемлекет басшысының шетелдегі азаматтардың құқықтары мен мүдделерін жүйелі түрде қорғауының арқасында мүмкін болған.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев жақында Александр Лукашенкомен телефон арқылы сөйлесіп, күрделі жағдайда екі елдің өзара түсіністікпен әрекет еткеніне алғыс білдірген. Сондай-ақ ол оң шешімге ықпал еткені үшін Владимир Путинге де ризашылығын жеткізуді орынды деп санаған.
Қазақстан президенті Польша басшысы Кароль Навроцкий мен Премьер-министр Дональд Тускке жағдайды байыпты қарап, шешім қабылдағаны үшін алғыс хат жолдамақ.
БАҚ деректеріне сүйенсек, ұсталған азамат Польша тарапы тыңшылық жасады деген күдікпен қамауға алынған Қазақстанның әскери атташесі болған.
Айта кетейік, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Александр Лукашенконы Астанаға шақырған еді.