Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымының жоғары деңгейлі делегациясымен кездесу өткізді, деп хабарлайды Qandastar.kz сайты Zakon.kz порталына сілтеме жасап. Кездесу барысында Орталық Азия өңірі мен одан тыс аймақтардағы экологиялық мәселелерді шешудегі БҰҰ-ның рөлі жан-жақты қарастырылды.
Мемлекет басшысы өңірлік экологиялық саммит пен басқа да іс-шаралардың күн тәртібін әзірлеуге БҰҰ тарапынан көрсетілген қолдауды жоғары бағалады. Сонымен бірге қазіргі күрделі геосаяси жағдайда климаттың өзгеруі, экологиялық ахуалдың нашарлауы және су ресурстарының тапшылығы сияқты жаһандық проблемаларды бірлесіп шешудің маңыздылығын атап өтті.
Президент Қазақстанның көпжақты және тиімді дипломатияны қолдайтынын айтып, халықаралық қауымдастықтың өзекті мәселелерді БҰҰ сияқты алаңдар арқылы бірлесе шешуі қажет екенін жеткізді.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның жаһандық деңгейдегі басты халықаралық ұйым ретіндегі рөлін атап өтіп, Бас хатшы ұсынған UN80 бағдарламасына қолдау білдірді. Кездесу соңында Қазақстанда әділетті әрі тұрақты мемлекет құруға бағытталған реформалар жалғасып жатқаны айтылды.