Президент FIDE президенті Тимур Турловты қабылдады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) президенті Тимур Турловты қабылдады. Qandastar.kz сайты хабарлады.
Кездесу барысында Президент Тимур Турловты FIDE президенті болып сайлануымен құттықтап, бұл Қазақстан мен отандық шахмат мектебінің халықаралық аренадағы беделінің артып келе жатқанын көрсететінін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев шахматтың Қазақстан үшін ерекше маңызға ие екенін айтты. Оның сөзінше, шахмат спорт түрі ретінде ғана емес, өскелең ұрпақтың зияткерлік әлеуетін дамытуға ықпал ететін маңызды құрал саналады.
Соңғы жылдары Қазақстанда шахмат қарқынды дамып келеді. Қазір елімізде 278 мыңнан астам адам шахматпен жүйелі түрде айналысады. Мемлекет басшысы Самарқандта өткен Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында күміс медаль иеленген Қазақстан әйелдер құрамасының жетістігін де атап өтті.
Кездесуде Қазақстан шахмат федерациясының алдында тұрған басым міндеттер де талқыланды. Президент ұлттық құрамалардың дайындығын күшейту, жас таланттарды анықтау және даярлау жүйесін жетілдіру, білім беру саласында шахматты дамыту, сондай-ақ өңірлердегі шахмат инфрақұрылымын кеңейту қажеттігін айтты.
Сонымен қатар отандық бапкерлер мен төрешілердің біліктілігін арттыру, бірлескен білім беру жобаларын жүзеге асыру және Қазақстанда ірі халықаралық шахмат жарыстарын өткізу үшін ұлттық федерация мен FIDE арасындағы ынтымақтастықты нығайту маңызды екені айтылды.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы Тимур Турловқа жаңа қызметіне табыс тіледі.
Өз кезегінде FIDE президенті Қазақстанда шахматты дамытуға көрсетіліп отырған қолдау үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдірді. Сондай-ақ шахматты халықаралық деңгейде насихаттау, ынтымақтастықты нығайту және ұлттық шахмат федерацияларымен бірлескен жаңа жобаларды іске асыру жоспарлары туралы айтты.