Қазақстан Президенті сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар адамдарды елдің дамуына кедергі келтіретін күш деп атап, «Халықтық құрылыс» бағдарламасының жүзеге асырылуына зиян тигізуге жол берілмейтінін мәлімдеді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады, дейді Qandastar.kz.
Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан жаңа тарихи кезеңге қадам басқандықтан, бұрынғы жетістіктерге тоқмейілсуге болмайды. Әділетті Қазақстанды құру үшін жалқаулық пен селқостыққа жол бермей, нақты нәтижеге бағытталған жұмыс жүргізу қажет.
Президент сыбайлас жемқорлыққа батқан адамдардың «Халықтық құрылыс» бағдарламасын іске асыруға кедергі келтіруге тырысып жатқанын айтты. Оның сөзінше, мұндай әрекеттерге жол берілмейді.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының сапасына ерекше назар аударды. Оның ішінде жолдар, әуежайлар, емханалар, оңалту орталықтары, шығармашылық үйлері, мектептер мен спорт кешендері белгіленген талаптарға сай салынуы тиіс.
Президент мемлекеттік қаржының тиімді жұмсалуын арнайы мемлекеттік комиссия бақылайтынын жеткізді. Комиссияның құрамы келесі аптаның басында жарияланады.
Мемлекет басшысы алдағы жұмыста Конституцияда бекітілген Заң, Әділеттілік және Тәртіп қағидаттары негізгі бағдар болатынын атап өтті. Оның айтуынша, көзделген мақсаттарға жету үшін табандылық пен жүйелі жұмыс қажет.