Президент көлік-логистика саласына ЖИ енгізу мәселесін талқылауды ұсынды
Ақордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің үшінші отырысы өтті. Жиында жасанды интеллектіні өнеркәсіпке енгізу және өндірістік деректерді тиімді пайдалану мәселелері қаралды, деп хабарлайды Qandastar.kz сайты.
Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні тиімді қолдану үшін сапалы өндірістік деректер қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, кәсіпорындарда өндірістік мәліметтердің үлкен көлемі жинақталғанымен, олардың бір бөлігі әртүрлі форматта және шашыраңқы күйде сақталады.
Қасым-Жомарт Тоқаев салалық өндірістік мәліметтер бірыңғай сапа стандартына сай, өзара байланысты әрі қауіпсіз болуы керектігін айтты. Бұл деректерге отандық зерттеушілер мен бағдарламалық жасақтама әзірлеушілерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету ұсынылды. Сонымен бірге коммерциялық құпия, стратегиялық ақпарат және аса маңызды мәліметтер қорғалуы тиіс.
Президент Үкіметке бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп, салалық өндірістік деректер базасын қалыптастырудың ортақ тәсілдерін әзірлеуді тапсырды.
Мемлекет басшысы Қазақстанның жасанды интеллектіні дамытуға қажетті негіз қалыптастырғанын айтып, ендігі міндет осы әлеуетті экономикалық нәтижеге айналдыру екенін атап өтті.
«Жасанды интеллект ел индустриясын дамытатын құрал болуға тиіс. Бұған Қазақстанның мүмкіндігі жетеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент стратегиялық маңызы бар салаларда бұл жұмысты күшейту қажеттігін атап өтіп, Кеңестің келесі отырысында көлік-логистика саласына жасанды интеллектіні енгізу мәселесін талқылауды ұсынды. Оның пікірінше, бұл секторды жаңғырту Қазақстанның транзиттік әлеуеті мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.