Президент өндірістік Deep-Tech жобаларды дамытуға басымдық беруді тапсырды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өндірістік Deep-Tech жобаларды ілгерілету және мықты технологиялық командалар қалыптастырудың маңызын атап өтті, деп хабарлайды Qandastar.kz сайты.
Мемлекет басшысының айтуынша, индустриялық міндеттерді шешуге ғылыми қауымдастық, технологиялық компаниялар және стартаптар экожүйесінің өкілдері тартылуы қажет. Сонымен қатар AI Challenge механизмін қолданып, «цифрлық көшпелілер» мен талантты жастарды осы жұмыстарға тарту ұсынылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев командаларға қажетті деректер, есептеу ресурстары мен өндірістік инфрақұрылым қолжетімді болуы керектігін айтты. Оның пікірінше, тапсырыс беруші де жобаның барлық кезеңіне қатысуы тиіс.
Президент бастапқы кезеңде ЖИ және Deep-Tech жобаларының технологиялық тәуекелі жоғары әрі коммерциялық тиімділігі әлі дәлелденбеген болуы мүмкін екенін атап өтті. Осыған байланысты Үкімет бастапқы тәуекелдерді азайтып, жеке капиталды тартуға жағдай жасауы керек.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы AI-Sana бағдарламасын өндірістегі нақты міндеттермен байланыстыру қажеттігін айтты. Дарынды жастар экономиканы жаңғыртуға бағытталған жобалар арқылы тәжірибе жинақтауы тиіс.
Үкіметке жасанды интеллектіні өнеркәсіпте қолдану міндеттерін шешудің бірыңғай механизмін құру тапсырылды. Бұл механизм команданы таңдаудан бастап, жобаны өндірісте сынау және оның экономикалық тиімділігін бағалауға дейінгі барлық кезеңді қамтуы керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев табысты пилоттық жобаларды коммерцияландыру мен кеңінен тарату кезінде артық әкімшілік және заңнамалық кедергілерді азайтудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, тиімді шешімдер өндірістік жағдайы ұқсас кәсіпорындарда қайта-қайта сынақтан өткізілмей, тиісті тетік арқылы жылдам енгізілуі қажет.