Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев заң үстемдігін қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аудару қажет екенін мәлімдеді, деп хабарлайды
порталы.
Президенттің айтуынша, «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында елді мекендерді көркейту мен көгалдандыру жұмыстары жүйелі түрде жалғасуы тиіс. Сонымен қатар азаматтардың туристік аймақтардағы және табиғат аясындағы тәртібіне бақылауды күшейту маңызды.
Қалалар мен ауылдарды көркейту, аумақтарды көгалдандыру жұмысына әрдайым ерекше мән беру қажет. Сондай-ақ экологиялық мәдениетті көтеру мәселесіне көңіл бөлген жөн. Әсіресе, адамдардың туристік нысандар мен табиғат аясындағы тәртібіне айрықша назар аудару маңызды
Президент вандализмге жол бермеу үшін заң бұзушылар жауапкершілікке тартылуы қажет екенін атап өтті.
Тәртіп бұзушыларды, яғни вандалдарды заңға сәйкес жауапқа тарту қажет. Бір сөзбен, құқықтық нигилизмге қоғам болып қарсы тұруымыз керек
Қасым-Жомарт Тоқаев заңға құрмет жазадан қорқумен емес, азаматтық жауапкершілікпен өлшенетінін айтты.
Заң мен тәртіпке құрметпен қарау дегеніміз – жазадан қорқу емес, бұл – ең алдымен жауапкершілік сезімі жоғары азаматтарға тән айрықша болмыс
Мемлекет басшысы қазіргі күрделі геосаяси жағдайда Қазақстан үшін қоғамдық келісім мен тұрақтылықтың маңызы зор екенін атап өтті.
Қазіргі бұлыңғыр, әскери қақтығысқа толы заманда елімізге татулық пен тұрақтылық ауадай қажет. Онсыз ешқандай реформа, жалпы оң өзгеріс болмайды
Сондай-ақ Президент кейбір азаматтардың елдегі құқықтық саясатты «Штрафстан», «Айыппұлстан» деп сынайтынына тоқталып, мұндай пікірлермен келіспейтінін жеткізді.
Оның сөзінше, қоғам үшін ең маңыздысы – қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіп. Осыған байланысты мемлекет заң талаптарының орындалуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты жалғастыра береді.
Ал халқымызға қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік керек. Сондықтан біз осы жолдан таймаймыз, батыл түрде "Заң мен тәртіп" саясатын жүргіземіз. Себебі бұл – халқымыздың талабы, халқымыздың сұранысы