Ұлттық қауіпсіздік комитетінде кадрлық өзгерістерден кейін ведомство жұмысының негізгі бағыттары талқыланды, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Президент жаңа төраға Марат Ирменовке қызмет тиімділігін арттыру және ел қауіпсіздігін нығайту жөнінде нақты міндеттер жүктеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылығымен жиын өткізіп, ведомствоның жаңа төрағасы Марат Ирменовті таныстырды.
Жиында Президент ұлттық қауіпсіздік органдарының жұмысын жаңғырту қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, комитет жүйесін реформалап, алдына қойылған міндеттерді орындаудың жаңа тәсілдерін әзірлеу және қызмет тиімділігін арттыру маңызды.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше бағытқа ерекше назар аударуды тапсырды. Атап айтқанда:
«Заң мен Тәртіп» қағидатын қатаң сақтау;
ел экономикасындағы ұлттық мүддені қорғау;
сыбайлас жемқорлық пен өзге де құқық бұзушылықтарға қарсы күрес;
кадрларды іріктеу жүйесін жетілдіру;
әлеуметтік-экономикалық тұрақтылыққа төнетін қауіптердің алдын алу.
Бұдан бөлек, Президент мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру кезінде жемқорлық тәуекелдерін болдырмау үшін алдын алу шараларын күшейтуді тапсырды.