Президент «Вашингтон моделін» жасанды интеллектіні қауіпсіз дамыту үлгісі ретінде қарастыруды ұсынды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектінің озық технологияларын қауіпсіз әрі жауапкершілікпен дамытуға бағытталған «Вашингтон моделін» құптады. Мемлекет басшысы бұл бастаманы халықаралық деңгейде ЖИ саласын реттеудің ықтимал үлгісі ретінде қарастыруға болатынын айтты, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, жасанды интеллектіге қатысты қауіп-қатерлер мемлекеттік шекарамен шектелмейді. Сондықтан бұл бағытта мемлекеттер мен бизнес-қоғамдастықтың үйлесімді іс-қимылы қажет.
Президент Вашингтонда жасалған ерікті келісімді сарапшылар мұқият зерделегеннен кейін оны ЖИ саласын жаһандық деңгейде реттеуге негіз болатын модель ретінде қарастыруға болатынын атап өтті. Оның айтуынша, «Вашингтон моделі» БҰҰ аясындағы халықаралық келісімге негіз бола алады.
«Қазақстан жасанды интеллектіні қауіпсіз әрі жауапкершілікпен дамытуды қолдайды. Осы орайда, аталған мәселе бойынша сындарлы халықаралық диалог жүргізуге алаң ұсына аламыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес мүшелеріне Қазақстанның осы саладағы халықаралық бастамасына қатысты қысқа мерзім ішінде нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Ортақ ұстанымды желтоқсан айында Майамиде өтетін G20 саммитінде таныстыру жоспарланып отыр.
Жиында Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, Sinovation Venture және 01.AI бас директоры Ли Кай-Фу, Абу-Даби Әмірлігінің денсаулық сақтау департаментінің төрағасы әрі G42 International бас директоры Мансур Әл-Мансури, Polynome Group негізін қалаушы Александр Ханин және Цинхуа университеті жанындағы ЖИ-индустрияны зерттеу институтының негізін қалаушы Яцинь Чжан сөз сөйледі.