Мазмұнға өту
qandastar.

Президент: Вице-президенттің есімі алдағы он күнде белгілі болады

Бақытжан Мұса · · 617 қаралым
Президент: Вице-президенттің есімі алдағы он күнде белгілі болады

Мемлекет басшысы Құрылтай сайлауында дауыс бергеннен кейін журналистердің сұрақтарына жауап беріп, Қазақстанда енгізілетін вице-президент лауазымына қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Ақордаға сілтеп хабарлады.

Президенттің айтуынша, жаңа қызмет елдің қазіргі жағдайында маңызды рөл атқарады. Ол вице-президенттің есімі келесі аптада немесе алдағы он күн ішінде белгілі болатынын айтты. Сонымен қатар бұл қызметке қоғамға жақсы таныс азаматтың тағайындалатынын меңзеді.

Сондай-ақ мемлекет басшысы жаңадан құрылатын Халық Кеңесінің қызметіне тоқталып, оның елдегі қоғамдық келісімді нығайтуға және мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға ықпал ететін көпфункционалды саяси алаң болатынын жеткізді. Оның пікірінше, бұл орган Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысын толықтырып, жаңа деңгейге көтереді.

Президент алдағы кезеңде елімізде ауқымды инфрақұрылымдық жобалар қолға алынатынын да атап өтті. Оның айтуынша, өңірлерде емханалар, балаларды оңалту орталықтары және өзге де әлеуметтік нысандар салынады. Астанада жаңа көпір, Домбыра сарайы мен Су ресурстарын зерттеу орталығының құрылысы жоспарланған.

Сонымен бірге ол қалаларды көркейту жұмыстарын жалғастырып, «Таза Қазақстан» бастамасын жүйелі түрде жүзеге асырудың маңызын атап өтті. Президент елдің дамуы үшін қоғам болып бірлесіп еңбек ету қажет екенін айтып, өткен Құрылтай саяси жаңаруға серпін бергенін жеткізді.

Бөлісу: Telegram WhatsApp