Журналист Ботагөз Омаровамен сот процесіне қатысып жатқан «ВД Строй Инжиниринг» компаниясының құрылтайшысы Азамат Үсімбековке қатысты түрлі әңгімелер көбейе түсті. Әсіресе, кейбір ақпарат құралдарында компанияның ірі жобалардағы табысы жоғары лауазымды адамдармен байланыстырылып жүргені айтылған. Кәсіпкер берген сұхбатында осы қауесеттерге жауап беріп, компанияның нақты иелері кім екенін түсіндірді деп хабарлайды QANDASTAR ақпараттық порталы.
Әлеуметтік желіде кең тараған әңгімелердің бірі – Азамат Үсімбековтің Президенттің туыстарымен байланысы бар деген пікірлер болды. Алайда кәсіпкер бұл мәліметтерді теріске шығарды.
Оның айтуынша, өзі де, бизнес бойынша серіктестері де Мемлекет басшысының туыстарымен немесе айналасындағы адамдармен ешқандай қарым-қатынаста емес.
Президенттің жүргізіп отырған саясатын құрметтеймін. Бірақ оның туыстарымен таныстығым жоқ, оларды өмірде көрген емеспін. Бұл адамдар туралы тек интернеттегі видеолардан ғана естідім
Сондай-ақ ол «ВД Инжинирингтің» жалғыз иесі емес екенін айтты. Кәсіпкердің сөзінше, компанияда өзімен бірге көп жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Еркін Оқасов пен Асқар Қолтасбаев атты серіктестері бар. Үшеуі де Ақтөбе өңірінен шыққан және бұған дейін бірнеше жобаны бірге жүзеге асырғаннан кейін аталған компанияны бірлесіп сатып алған.
Ал серіктесі Еркін Оқасовтың жуырда «Қазақстандағы ықпалды адамдар» тізімінен көрінуі компания басшылығы үшін күтпеген жағдай болған. Үсімбековтің айтуынша, оның серіктесі саясатпен айналыспаған және бұл тізімге қалай енгенін өздері де түсінбейді.
Сұхбат барысында «Бәйтерек» холдингінің басшысы Рустам Қарағойшиннің бір кезеңде осы компанияны басқарғаны туралы мәлімет те көтерілді. Үсімбеков бұл ақпаратты тек БАҚ арқылы білгенін айтып, компанияны 2022 жылы Арман Жаркеевтен сатып алғанын жеткізді. Сондықтан оған дейінгі басқарушылар туралы толық мәліметі болмағанын атап өтті.
Бұдан бөлек, кәсіпкер Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновпен жеке байланысы жоқ екенін де айтты. Оның сөзінше, министрмен тек жаңа жыл қарсаңындағы ресми спорттық шаралардың бірінде ғана танысқан.
Үсімбеков қазіргі таңда құрылыс саласында тендер ұтып алу үшін жоғары жақтан қолдау іздеудің қажеті жоқ деп есептейді. Ол соңғы жылдары нарықта ешқандай «тіреусіз» жұмыс істеуге мүмкіндік бар екенін айтып, басты талап сапалы әрі уақытында тапсырылған жоба екенін жеткізді. Кәсіпкер Қызылордадағы стадион секілді ірі нысандардың қысқа мерзімде салынуын осының дәлелі ретінде атады.