Алматы қаласында Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бірлескен операциясы барысында дәрілік препараттарды заңсыз өндіру және сатумен айналысқан қылмыстық схема тоқтатылды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Тергеу мәліметінше, төрт фармацевтикалық компания көршілес елдерден дәрілерді контрабандалық жолмен әкеліп, оларды еліміздегі дәріханалар арқылы өткізумен айналысқан. Сонымен қатар күдіктілердің құрамында психотроптық заттары бар препараттарды заңсыз өндіргені анықталды.
Жедел іс-шаралар кезінде бірнеше қойма мен жасырын өндірістік цех табылды. Тергеу деректеріне сәйкес, контрафактілік өнімдер санитарлық талаптарға сай келмейтін жағдайда дайындалған. Мамандар мұндай дәрілердің адам денсаулығына елеулі қауіп төндіруі мүмкін екенін атап өтті.
Арнайы операция барысында заңсыз қызметке қолдау көрсеткен деген күдікпен бірқатар лауазымды тұлғалар да ұсталды. Оларға қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, көлеңкелі схемалар салдарынан мемлекетке өткен жылы 800 миллион теңгеден астам салық пен міндетті төлемдер түспеген.
Тінту кезінде ірі көлемдегі ақша қаражаты, ондаған мың қаптама жалған дәрі-дәрмек, өндірістік жабдықтар мен шикізат тәркіленді. Қылмыстық схеманы ұйымдастырды деген күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Құқық қорғау органдары заңсыз жеткізу арналары мен іске қатысы бар барлық тұлғаларды анықтау жұмыстарын жүргізуде.
[embed]https://youtu.be/_HlIUAUFJtU?si=SG4KqEclmgHUxOGq[/embed]